Ұлытау облысында марганец кенін ұрлап, мемлекетке 4,8 миллиард теңге шығын келтірген азамат ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, Қостанай облысының 50 жастағы тұрғыны 2020–2023 жылдар аралығында Ұлытау облысындағы «Восточный Каражал» кен орнында марганец кенін заңсыз өндіріп келген. Оның қолында жқойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты болмаған.
«Күдікті пайдалы қазбаларды заңсыз өндірумен қатар, қылмыстық жолмен табылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған мәмілелер жасау арқылы заңдастырған», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Тергеу деректеріне сәйкес, осы кезеңде 16 мың тоннадан астам марганец кені өндіріп үлгерген. Ал өңделген темір-марганец кенін ел ішінде және шетелге сату арқылы 3,5 миллиард теңгеден астам табыс тапқан. Ұлытау облысының соты айыпталушыны 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айырып, жер қойнауын пайдалану саласында 5 жыл бойы қызметпен айналысу құқығынан айырды.
«Мемлекет кірісіне 4,8 миллиард теңге өндіріліп, қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған үш жеңіл және екі жүк көлігі тәркіленді», – деп хабарлады прокуратура. Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Қарағанды облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы да пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілерін анықтаған болатын. Ол іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 2 миллиард теңгеден асып, үш күдікті қамауға алынған.