Америкалық UFC промоушені бірнеше салмақ дәрежесі бойынша жаңартылған рейтингті жариялады. Осы өзгерістерден кейін қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы рейтингтен тыс қалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Рейтинг жаңарғаннан кейін топ-15-тегі файтерлердің басым бөлігі бір сатыдан жоғарылаған. Тек Джек Делла Маддалена ғана өз орнын сақтап қалды. Айта кетейік, 28 қаңтардағы алдыңғы рейтингте Шавкат Рахмонов өз дивизионында екінші орында тұрған.
1 ақпанда қазақстандық спортшының бапкері Эдуард Базров Шавкаттың жарақат алғанын растаған еді. Оның айтуынша, қалпына келу уақыты бастапқы болжамнан ұзаққа созылуы мүмкін.
Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында октагонға шығып, бес раундқа созылған жекпе-жекте ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген. Ол кезде Гэрри чемпион Белал Мухаммадтың орнына шыққан болатын.
Кейін Рахмоновқа 2025 жылдың мамырына жоспарланған титулдық жекпе-жек ұсынылды, алайда жарақатына байланысты қазақстандық файтер октагонға шыға алмады. Нәтижесінде бұл кездесуде Джек Делла Маддалена Белал Мухаммадты жеңіп, UFC чемпионы атанған. Кейін ол белбеуді Ислам Махачевке жол берді.
Мамандардың пікірінше, Шавкат Рахмоновтың UFC рейтингінен уақытша тыс қалуына дәл осы кезекті жарақаты себеп болған.