Қазақстандық UFC өкілі, аса жеңіл салмақ дәрежесінде рейтингте жетінші тұрған Асу Алмабаев Мехикода өтетін турнирге бір ай қалғанда жекпе-жектен бас тартты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жауынгердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында 1 наурызға жоспарланған UFC Fight Night 268 турниріндегі мексикалық файтер Брэндон Мореномен болатын жекпе-жек өтпейтінін растады. Оның айтуынша, ұшардан екі күн бұрын қолынан жарақат алған.
«Ұшуға екі күн қалғанда қолымнан жарақат алдым. Жарақат алдын ала ескертпейді. Мен ешқашан қарсыласқа немесе жағдайға қарамай жекпе-жектен бас тартып көрген емеспін. Дайындық жақсы өтті, бірақ болған іске амал жоқ. Тағдырдан озмыш жоқ», – деп жазды Алмабаев.
Асу Алмабаев «Зульфикар» лақап атымен танымал. Ол UFC-мен жасалған келісімшарт аясында әлі бес жекпе-жекке шығуы тиіс екенін айтып, рухы түспегенін жеткізді. Спортшы алдағы кездесулерге дайындықты жалғастыра беретінін мәлімдеді.
32 жастағы Алмабаев UFC ұйымында 2023 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол алты жеңіске жетіп, бір рет жеңілген.