homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Атырауда облысында мал қырылып жатыр

03.02.2026, 17:44

Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Қамысқала ауылдық округінде 50-ден астам жылқы қырылып қалған. Бұған қаңтар айында жауған жаңбырдан кейін жайылымды қалың мұз басып, жылқы малы тебіндей алмай қалғаны себеп болған. Мал шығынын аудан әкімдігі KursivMedia порталына берген ресми жауабында растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әкімдіктің жауабына сәйкес, 2025–2026 жылдарға аудан бойынша 80,5 мың тонна мал азығы дайындалған. Оның 10 мың тоннасы алдыңғы жылдан қалған қор болса, 70,5 мың тоннасы былтыр әзірленген. Бірақ, мал азығы аздық етіп отыр. 

Мәселені шешу үшін аудан әкімдігі мал азығын тасымалдау жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл іске өндірістік кәсіпорындардың арнайы техникалары тартылмақ. Сондай-ақ өзге өңірлермен қосымша мал азығын сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілген.

«Биылғы жылы елді мекендердегі тұрғындардың, шаруагерлердің алдағы қысқы маусымда ауа райының қолайсыздығы туындаған уақытта резервке мал азығын сақтау үшін ангар немесе арнайы жабдықталған орынжай дайындау жоспарланып отыр. Коммуналдық меншікке мал азығын тасымалдау үшін арнайы КамАЗ автокөлігін де сатып алу жоспарда бар. Бұл жоба жаз мезгілінде жемді төмен бағада сатып алып, қыс мезгілінде мал иелерін қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге бағытталады», – деп хабарлады әкімдік.

Әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылы теңіз жағалауында дайындалған шөп 4–5 мың теңгеден, ауданға жеткізілгенде 7,5–8 мың теңгеден сатылған. Басқа өңірлерден жеткізілген шөптің бағасы 11–12 мың теңге болған. Қазір теңіз жағалауы мен Құрманғазы ауданынан тасымалданатын шөп 9 мың теңгеден, Қызылқоға ауданынан жеткізілетін шөп 12–13 мың теңгеден сатылып жатыр.