3 ақпанда Қазақстанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп жатыр. Бұған дейін жарияланған жаңа Конституция жобасы қоғамда кең талқылауға түскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
31 қаңтарда Конституциялық комиссияның алтыншы отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасының мазмұнын таныстырған. Жоба кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Конституциялық соттың ресми ақпаратында жаңа кіріспеде адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалғаны атап өтілді. Сондай-ақ халық мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі екені нақты бекітілген.
Конституциялық комиссия отырыстарында жаңа Негізгі заңға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Қазақстанда мүлде жаңа Конституция қабылдау мүмкіндігін көтерсе, бұл бастаманы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев және Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қолдаған.
30 қаңтарда Астанада өткен еріктілер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға кез келген өзгеріс тек референдум арқылы қабылдануы тиіс екенін мәлімдеген. Бұған қоса, комиссия отырыстарында өлім жазасына толық тыйым салу, Парламенттің жаңа құрылымын қалыптастыру, мемлекеттің зайырлы сипатын нақтылау және еңбекке қабілетті балалардың ата-анасына қамқорлық жасау міндетін бекіту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қазіргі мәліметке сәйкес, ұсынылып отырған түзетулер Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызына әсер етеді. Дегенмен мемлекеттің унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен бөлінбейтіндігі туралы норма өзгеріссіз қалмақ. Конституциялық комиссия Президенттің 2026 жылғы 21 қаңтардағы жарлығымен құрылған, оның негізгі міндеті – конституциялық реформаны жүзеге асыруға арналған ұсыныстар әзірлеу.