homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Сәпиевті сала министрі кеңесші етіп тағайындады

03.02.2026, 16:32

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі әрі жазғы XX Азия ойындарына дайындық жөніндегі штабтың спорт блогының үйлестірушісі қызметіне кірісті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл шешім өткен жылы күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңартылған редакциясында көзделген ротация жүйесі аясында қабылданған. Жаңа норма басқару мен дайындық процестеріне саланың тәжірибелі өкілдерін кезең-кезеңімен тартуға мүмкіндік береді.

Серік Сәпиев – Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының жеңімпазы. Әр жылдары Мәжіліс депутаты болды, Туризм және спорт министрлігінде салалық комитетті басқарды, өңірлік спорт басқармасының басшысы қызметін атқарды. Қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық сурдлимпиадалық комитетінің президенті ретінде де жұмыс істейді.

Азия ойындарына дайындық жөніндегі штаб құрамына министрлік өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының жетекшілері және саланың ардагерлері енді. Бұл команда дайындықтың барлық кезеңін үйлестіріп, жоспарланған міндеттердің орындалуына жауапты болады.

Жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Азиада бағдарламасына 41 спорт түрі енгізіліп, ерлер, әйелдер және аралас санаттар бойынша 68 дисциплинада 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Айта кетейік, Серік Сәпиев Қарағанды облысындағы резонанс тудырған жанжалдан кейін басшылық қызметтен кеткен еді.