Қазақстанның Риелторлар ұлттық палатасының мәліметінше, 2025 жылы елде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 448 мыңнан астам мәміле тіркелген. Алайда риелторлық қызметтердің 70 пайыздан астамы ресми түрде тіркелмей, жасырын жүргізілген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сарапшылардың бағалауынша, жылжымайтын мүлік нарығындағы риелторлық қызметтердің жалпы айналымы жылына шамамен 170 млрд теңге болады. Соның салдарынан төленбеген салықтар мен алымдар есебінен мемлекет бюджеті жыл сайын 22 млрд теңгеден астам қаржыдан қағылып отыр. Қазіргі таңда елде 25–30 мыңға жуық адам риелторлық қызмет көрсетеді, бірақ ресми тіркелген мамандар саны шамамен екі есе аз.
«Қазір елде 25–30 мың адам риелторлық қызмет көрсетеді, бірақ ресми тіркелген мамандар саны шамамен екі есе аз. Қалғандары лицензиясыз, клиент алдында міндеттемесіз және кәсіби жауапкершіліксіз жеке делдалдар ретінде жұмыс істейді», – деп хабарлады сарапшылар.
Қазақстанның Риелторлар ұлттық палатасы вице-президенті Әсет Айтбаевтың айтуынша, «риелтор» мамандығы құқықтық тұрғыдан ресми түрде белгіленбеген. Оның сөзінше, міндетті сертификаттау, стандарттар мен біліктілік талаптарының болмауы нарықта жауапкершіліксіз делдалдардың көбеюіне жол ашып отыр.
«Бүгін бізде ережесі нақты анықталмаған үлкен нарық бар. Бұл сұр схемалардың пайда болуына жол береді және мамандыққа деген сенімді төмендетеді. Өзін-өзі реттеу – тыйым салу емес, бұл фильтр. Нәтижеге жауап беруге дайын және ережеге сай жұмыс істейтіндер ғана қалады», – деді Айтбаев.
Қазіргі уақытта Мәжілісте риелторлық қызметтерді өздігінен реттеуге көшуге бағытталған реформа талқыланып жатыр. Ол өздігінен реттелетін ұйымдарды құруды, кәсіби қызметтерді сертификаттауды, жұмыс стандарттарын біріздендіруді және клиент алдындағы жауапкершілік тетіктерін енгізуді көздейді. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер қысқа мерзімде нарыққа салмақ салуы мүмкін, алайда орта мерзімде ашықтықты арттырып, кәсіби әрі сенімді орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын рәсімдеу құны қымбаттады.