Өткен жылы салық органдары табысын төмендетіп көрсеткен қазақстандық инфлюенсерлер мен блогерлерге жаппай хабарлама жіберген. Соның нәтижесінде жүздеген блогер қосымша декларация тапсырып, миллиардтаған теңге табысын заңдастырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022–2023 жылдары табысы төмен көрсетілген деген негізбен 854 блогер мен инфлюенсерге 1 586 салықтық хабарлама жолданған. Жалпы анықталған айырма сомасы 71,9 млрд теңгені құраған.
Қазіргі таңда 622 инфлюенсер қосымша есеп тапсыру арқылы 18,2 млрд теңге табысын декларациялаған. Осы сомаға байланысты есептелген салық көлемі 875,5 млн теңге болған.
Айта кетейік, былтыр ақпанда Қазақстанда блогерлерге жаппай салықтық талап қойылып, 594 адамның 53,3 млрд теңге табысты жасырып көрсеткені хабарланған. Сол кезде кейбір блогерлерге есептелген салық сомасы жүздеген миллион теңгеге жеткені айтылған. Салық органдарының хабарламалары, негізінен, 20 мыңнан астам жазылушысы бар блогерлерге жіберілген.