Әлеуметтік желі арқылы танысып, үйлену мен қалыңмал жайын сөз еткен романтикалық қарым-қатынас соңы қылмыстық іспен аяқталды. Ақмолалық ер адам болашақ жарымын деп сенген әйелге 1,5 миллион теңгесін беріп, алаяқтықтың құрбаны болған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полицияға арыз 31 қаңтар күні Қосшы қаласында түскен. 28 жастағы арызданушы болашақ қалыңдығының 1,5 миллион теңгені ұрлап кеткенін мәлімдеген.
Тергеу барысында ер адамның 2025 жылдың тамыз айында әлеуметтік желі арқылы қызбен танысқаны анықталған. Қыз өзін Шымкенттенмін деп таныстырып, отбасым сол жақта тұрады деген. Бірнеше кездесуден кейін екеуі Астанада пәтер жалдап, бірге тұра бастаған. Ер адам сүйіктісін ата-анасымен таныстырғанымен, әйел өз туыстарымен таныстыруға асықпаған. Бір жарым айдан соң ол жүкті екенін айтып, тойға дайындық басталған. Кейін жұп Қосшы қаласына көшкен.
Жәбірленушінің айтуынша, оның ата-анасы болашақ құдаларға пәтер алу үшін 950 мың теңге берген, сондай-ақ «келінге» 600 мың теңгеден асатын алтын әшекей сатып алып берген. Алайда көп ұзамай әйел хабарсыз кеткен. Кейін оның бұрынғы күйеуі және үш баласы бар екені белгілі болған. Осыдан кейін ер адам полицияға жүгінген.
«Азаматтарды интернет арқылы танысқанда барынша сақ болуға шақырамыз. Қысқа мерзімде танысқан адамдарға ақша немесе құнды заттарды бермеу керек. Әсіресе бірге тұру немесе некеге тұру мәселесі көтерілсе, адам туралы барлық мәліметті алдын ала мұқият тексерген жөн», – деп ескертеді Ақмола облысының полициясы.