Таразда кішкентай баласына күш көрсеткен әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада әйелдің баласын ұрып, көзге шам түсіріп қинағаны көрінеді. Сонымен қатар ол үлкен қызына да балаға қосылып күш көрсетуге бұйрық береді.
Видеода әйелдің «Көрдің бе, мен сенің балаңды аямаймын», – деген сөзі естіледі.
Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бала дереу медицина қызметкерлерінің қарауынан өтті, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу мен сараптама қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деді полиция қызметкерлері
Балалардың қауіпсіздігіне қатысты түсініктемені Балалардың құқықтарын қорғау комитеті берді. Комитет өкілдерінің айтуынша, «балалар балалар үйіне орналастырылды, олардың жағдайы тұрақты. Қауіпсіздік пен күтім қамтамасыз етілді, қажетті медициналық көмек көрсетілді, қазіргі уақытта мамандардың бақылауында».
Комитетте сондай-ақ:
«Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол берілмейді. Барлық кінәлілер жауапкершілікке тартылады. Ата-ана құқығынан айыру мәселесін кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қарайды», – деп мәлімдеді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Тараз қаласында кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз әрекеттер бейнеленген фото және видеолар жарияланған. Іс бойынша күдікті ретінде жергілікті тұрғын танылып отыр, оның қарауында кемінде жеті бала болғаны айтылды.