homepage
Фото: juzmedia.kz.

"Әскерге сау кетіп, мүгедек болып оралды" - Петропавл тұрғыны әділдік іздеп жүр

02.02.2026, 18:24

Петропавл қаласының тұрғыны Даниал Ғали мерзімді әскери қызметін толық өтей алмай, үйіне оралған. 10 айдан бері жас жігіт ауыр диагноз – қант диабетімен күресіп келеді. Оның айтуынша, әскердегі физикалық және психологиялық ауыртпалық денсаулығының күрт нашарлауына себеп болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Даниалдың сөзінше, әскери бөлімде жүргенде ұйқының аздығы мен тұрақты күйзеліс ағзасына қатты әсер еткен. Өзін жайсыз сезініп, бірнеше рет шағымданғанымен, тиісті медициналық көмек көрсетілмегенін алға тартады. Әскери дәрігерлер ұзақ уақыт нақты диагноз қоя алмай, соның салдарынан ауруы асқынып кеткенін айтады.
Қазіргі таңда инсулинге тәуелді болып қалған жігіт тұрақты ем қабылдауға мәжбүр. Анасы медициналық қызметтерге кетіп жатқан шығын отбасының қалтасына едәуір салмақ екенін айтады. Сондықтан анасы Динара Ысқақова сотқа жүгінген.

«Балам әскерге дені сау күйінде, өз еркімен барған еді. Ал үйге ауыр дертпен оралды. Қазір оны емдеу үшін қыруар қаржы қажет. Мұндай жағдайға жауапты тарап шығынды өтеуі керек», - дейді анасы.

Даниал Ғали Ұлттық ұланның Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінде қызмет еткен. Алайда бөлім басшылығы мен медициналық қызмет өкілдері сарбазға қажетті көмек толық көрсетілгенін алға тартып отыр. Олардың айтуынша, аурудың асқынуына әскери қызметтің тікелей қатысы жоқ. Өңірлік қолбасшылықтың медициналық басқармасы медициналық кадрлар мен құрал-жабдықтың тапшылығы барын жоққа шығармайды. Дегенмен, сарбаздарға белгіленген тәртіпке сай демалыс уақыты берілетінін және қажетті шаралар қолданылғанын мәлімдеді.

«Менің балам ауру болса, әскерге бара алмас еді. Әскерде тәртіп жоқ екеніні тағы да көзім жетті», - дейді Динара. 

Істі қараған Ақмола гарнизонының әскери соты ата-ананың талабын ішінара қанағаттандырып, моральдық шығын көлемін 300 мың теңге деп бекіткен. Алайда бұл шешіммен келіспеген тарап апелляциялық шағым түсірген. Алайда шешім өзгеріссіз қалды.