Солтүстік Қазақстан облысында биыл да су тасқыны қайталануы мүмкін. Петропавл қаласы, Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында табиғи апат қаупі жоғары, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Қазгидромет» мамандары алдын-ала болжам нәтижесін жариялады. Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Тимирязев және Айыртау аудандары – орташа қауіп аймағына жатқызылды. Мамлют, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Аққайың аудандарында тасқын қаупі төмен.
«15 ақпаннан бастап қардың қалыңдығын 5 күн сайын өлшейміз. 1 наурыздан күнде гидроллогиялық бюллетень жасалып, жауапты органдарға жолданады. Ақпан айының соңы мен наурыз айында қар әдеттегі мөлшерден көп жаууы мүмкін. Су тасқыны бойынша негізгі болжам наурыз айының басында жарияланады», -дейді «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Дәурен Қосшығұлов.
Облыста 27 гидробекет тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда қар қалыңдығы, құрамындағы су мөлшері есепетеледі. Мамандардың айтуынша қардағы ылғал қоры көпжылдық көрсеткіштен 40 пайызға төмен, ал топырақтың қату тереңдігі былтырғымен салыстырғанда жоғары. Өңірдегі негізгі гидронысандардың бірі Сергеев су қоймасы 99 пайызға толып тұр. Болжам бойынша биыл көктемде 2 млрд текше метрден астам су келуі мүмкін. Мамандардың айтуынша бұл қалыпты көрсеткіш. 2024-шы жылғы тасқын кезінде Сергеев қоймасы арқылы 9 млрд текше метр су өткен еді.
Төтенше жағдай қызметі наурыз айының соңында су тасқынына қарсы жедел штаб жұмысын бастайтынын жеткізді.