Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, үндеу жолдады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Үндеу авторларының айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау жеке қоғамдық мандат, ашықтық пен азаматтардың қатысуын талап етеді. Сондай-ақ, олар конституциялық комиссиясының жедел құрылуы мен оның жұмысының нақты регламентінің жоқтығына, оған шектеулі топтардың ғана кіруіне ерекше алаңдап отырғанын атап өтеді.
"Конституциялық комиссия мүшелерінің айтарлықтай бөлігін 2011, 2017 және 2019 жылдардағы конституциялық түзетулерді әзірлеу мен қабылдауға тікелей қатысқан адамдар құрайтындығы ерекше алаңдаушылық тудырады. Бұл түзетулер іс жүзінде биліктің бір адамның қолында одан әрі шоғырлануына әкеліп соқты және авторитарлық биліктің институционалдық тетіктерін нығайтты. Мұндай тәсіл ел өзінің тарихи сценарийлерінің қайталануына бейім екенін айғақтай түседі, ондайда формальды институционалдық өзгерістерді сол баяғы субъектілер жүзеге асырады және ешқандай дамуға әкелмеген үлгі қолданылады" деп жазылған мәлімдемеде.
Олардың пікірінше, Конституцияға ірі өзгерістерді асығыс енгізу қоғамда тұрақтылықты орнатуға септеспейді, тек қоғам арасындағы алшақтықты тереңдетіп, ыдырата түседі. Осылайша кез келген масштабтағы конституциялық өзгерістер осылайша тез әрі қоғамның қатысуынсыз өтуі мүмкін деген тәрізді қауіпті прецедент те қалыптастыруы мүмкін. Олар сонымен бірге негізгі мәселелер бойынша әртүрлі ұстанымды жеткізуге көмектесетін референдум форматын таңдау қажет деп санайды.
Құжатқа ондаған құқық қорғаушы, сарапшы, ғалым, белсенді, журналист қол қойған. Арасында Адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис, парламентаризмді дамыту қорының жетекшісі Зәуреш Батталова, Transparency International Kazakhstan кеңесінің төрағасы Аида Әлжанова, әлеуметтанушы ғалым Серік Бейсембаев, журналист Әсем Жәпішева және өзге де азаматтық қоғам өкілдері бар.