homepage

Германия үкіметі неліктен ыдырады және ол жаһандық саясатқа қалай әсер етеді?

09.12.2024, 11:53

ГЕРМАНИЯНЫҢ "БАҒДАРШАМЫ" ЫДЫРАДЫ 

Бәрі Германия канцлері Олаф Шольцтың қаржы министрі Кристина Линднердің қызметінен босатылатынын хабарлаудан басталды. Ал Кристина Линднер министр қызметімен қатар Еркін демократиялық партияның басшысы міндетін қатар атқарған. Бұрынғы министр ел бюджетіне қатысты мәселеге келіспей, кезектен тыс сайлау өткізу ұсынысын білдіргені үшін үкіметтегі позициясынан айырылған. Соған байланысты Еркін демократиялық партия үкіметтегі партия атынан тағайындалған барлық министрін шығарып алу туралы шешімге келді. Сәйкесінше, елдегі Социал-демократиялық партия (ГСДП), Еркін демократиялық партия (ЕДП) мен “90-Одақ” партияларынан (жасылдар) біріккен коалиция да ыдырады. Аталған үштіктен құралған коалицияны көпшілік “бағдаршам” деп атайды. Ол елді 2021 жылдан бері басқарып келеді. Әзірге “90-Одақ” пен Социал-демократиялық партиялары сайлауға дейін үкіметтегі жұмыстарын жалғастыра береді. 

ПРЕЗИДЕНТ БУНДЕСТАГТЫ ТАРАТУҒА ӘЗІР

Канцлер 15 қаңтарда Германия парламентінде (бундестаг) оның үкіметіне деген сенімге қатысты мәселе көтереді. Егер ол тиісті дауыс жинамаса, наурызда кезектен тыс сайлау өткізіледі. Сенім вотумын қаңтарға дейін созбай, алдағы аптада өткізуді ұсынғандар да бар. Дегенмен Шольц бұл мәселеде айқындық керек деп, Рождествоға дейін талқыланып жатқан заңдарды қабылдауға кірісетінін мәлімдеді. Ал ГФР президенті Франк-Уалтер Штайнмайер кезектен тыс сайлау өткізу үшін бундестагты таратуға әзір екенін хабарлады. 

 Қызметінен босаған министр Линдер Шольцты коалицияны ыдыратты деп айыптап, еркін демократтардың ел тағдырын өз қолына алуға әзір екенін хабарлады. Жалпы елдегі коалиция өкілдерінің экономика, қаржы мен әлеуметтік саясатқа келгенде ойы бір жерден шықпайтыны әуелден анық еді. Сондықтан заң қабылдауға келгенде қиындықтар туып тұрады. Мәселен, Германия 2025 жылға жоспарланған бюджет бойынша әлі де келісімге келе алар емес. 

Германияның Социал-демократиялық партиясы алдағы кезектен тыс сайлауға қазіргі канцлер Олаф Шольцты үміткер ретінде ұсынып отыр. Осылайша Шольц бұл қызметке екінші мерзімге сайлануы мүмкін. Социал-демократтар, жасылдар мен консерваторлар сайлау шамамен 23 ақпанда өтеді деп жоспарлайтынын мәлімдеді. 

ҮКІМЕТТІҢ ҚҰЛАУЫ ГЕРМАНИЯНЫҢ ӘЛЕМДІК САЯСАТТАҒЫ РӨЛІНЕ ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Осы ретте әлемдік саясатта Германияға қатысты үлкен сұрақ туындады. Германия үкіметінің құлауын саясаткерлер “Еуропа үшін жүрек талмасымен тең” деп бағалады. Оған қоса елдің Еуропа үшін ғана емес әлем үшін маңызды держава, мықты серіктес екенін ескерсек, “Ендігі жерде осы канцлер мен оның үкіметіне сенім бар ма?” деген орынды сауал пайда болады.  

Алдағы сайлаудың тартысты өтері анық. Шольц серіктес мемлекеттердің сенімінен шықты, одан бөлек 2021 жылға қарағанда партиялардың рейтиңі айтарлықтай өзгерді. Сарапшылар ГСДП 14-18% шамасында дауыс жинауы мүмкін, ал жасылдар 9-12% ЕДП 3-5% дауыс жинайды деген пікір айтады. Ал парламентте орын алу үшін партиялар 5%-дан көп жинауы керек. Линдердің коалицияны ыдырату туралы шешім қабылдауына да осы себеп болды деген ой бар. Осылайша, елдегі басымдыққа ие Христиан-әлеуметтік кеңесімен (30-34% дауыс) серіктестік құруы бек мүмкін. 

Сарапшылар Трамптың президенттікке оралуы экономиканы ілгерілетіп, халықтың басын қосу үшін біріккен, мықты үкіметтің маңызын ұқтырғанын айтады. Саясаттан бөлек бұл оқиға еуроаймақтың тұралап тұрған экономикасына оң әсер етуі мүмкін. Өйткені экономистер Германияда 2009 жылы “қарыз тежеуіш” заңын қабылдағаннан бері экономика дамымай қалды деп үкіметті айыптайды. Ал жаңа үкімет бюджет еркіндігіне мүмкіндік берсе, аймақтағы жағдайдың өзгеруіне сөзсіз әсер етеді. “Германияның мемлекеттік қаражатқа қатысты мәселесі жоқ. Сыртқы қарыз ішкі өндірістің 63%-ын құрайды. Аймақтағы Франция мен Италияға қарағанда шығыннан гөрі мүмкіндігі көп”, - дейді ING жаһандық макроэкономика бөлімінің басшысы Карстен Брдески.      

Авторы: Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.