homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Ғылыми қызметкерлердің жалақысы артады

02.02.2026, 11:35

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа қағидаларының жобасын әзірледі. Құжатта айлықақыны көтеру және ғылыми жетістіктері үшін қосымша үстемақы енгізу көзделген деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өзгерістер мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік тапсырыс орындайтын жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлеріне қатысты. Жоба 2025 жылғы 30 шілдеде берілген Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамалары негізінде дайындалған.

Жаңа қағидаларға сәйкес, лауазымдық жалақыны есептеу коэффициенттері қаржыландыру түріне қарай қайта қаралады. Гранттық қаржыландыру бойынша коэффициент 2,0-ден 2,5-ке, ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруда 2,15-тен 2,65-ке дейін өседі. Нәтижесінде ғылыми қызметкерлердің лауазымдық айлығы 25 пайызға артады.

Ғылыми дәрежесі мен атағына, сондай-ақ қосымша төлемдерге есептелмеген жағдайда, еңбек өтілі жоқ кіші ғылыми қызметкердің жалақысы 432,2 мың теңге болады. Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы ғылыми жоба жетекшісі, бас ғылыми қызметкер, еңбек өтілі 25 жылдан асқан профессордың айлығы 1 млн 396,9 мың теңгеге жетуі мүмкін.

Сонымен бірге жоба ғылыми қызметкерлердің жетістіктері үшін жаңа үстемақы түрін енгізуді көздейді. Төлем мөлшері арнайы балдық шкалаға байланысты белгіленіп, 47,5 мың теңгеден 522,5 мың теңгеге дейін болады.

Ғылыми жетістіктерді бағалау соңғы бес жылда жарияланған мақалалар мен монографияларға, зияткерлік меншікке қатысты қорғау құжаттарының болуына, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кемінде бір пәнді немесе жиынтық көлемі 3 кредиттен кем емес пәндерді оқытуына, PhD немесе бейіндік доктор дәрежесін алған кадрларды даярлауына, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу нәтижелеріне қарай жүргізіледі.