Қазақстанда шекара арқылы валютаны заңсыз алып шығудың 860 млн теңгеге жуық фактісі тоқтатылды деп хабарлаййды Juzmedia.kz.
2026 жылдың қаңтар айындағы жұмыс қорытындысын ҰҚК Шекара қызметі жариялады. Мәліметке сәйкес, шекара кеңістігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған 3 026 адам ұсталған. Олардың 2 594-і – шетел азаматтары.
Есепті кезеңде мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1 062 дерегі анықталған. Атап айтқанда, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз алып өтудің 25 фактісі тіркелген. Бұл істер бойынша 2 мылтық, 66 суық қару, 3 жарық-дыбыс гранатасы және 78 оқ-дәрі тәркіленген.
Сондай-ақ жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаудың 580 фактісі әшкереленіп, жалпы көлемі 60 тоннадан асатын ГСМ тоқтатылған. Халық тұтынатын тауарларды заңсыз өткізуге қатысты 376 дерек анықталып, олардың жалпы құны 620 млн теңгеден асқаны көрсетілді. Бұдан бөлек, валютаны заңсыз алып өтудің 81 фактісі тіркеліп, шамамен 860 млн теңге көлеміндегі қаражаттың сыртқа шығарылуына жол берілмеген.
Сонымен қатар Каспий теңізі акваториясында браконьерлікпен айналысқан 5 жағдайдың жолы кесіліп, заңсыз аулауға арналған құралдар тәркіленген.