Павлодар облысында құрылысы жүріп жатқан көпірде өрт болып, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабар 31 қаңтар күні кешке түскен. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру бөлімшелері жіберіліп, жалынды оқшаулау жұмыстары жүргізілген. Құтқарушылар көпірдің оқшаулағыш материалдары мен ағаш қалыптары жанғанын анықтаған.
Өрт ошағы жерден шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Жалын басқа аумаққа таралмай, қысқа уақыт ішінде сөндірілген. Оқиға кезінде адамдар зардап шекпеген.
Қазір өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.
Аталған көпір құрылысы 2024 жылы басталған. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Ресми дерекке сәйкес, құрылыс құны 39 млрд теңге деп бағаланып отыр.