Израиль әскері жасаған әуе шабуылдары салдарынан Газада кемінде 30 палестиндік көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Euronews дерегіне сүйеніп.
Газа секторындағы медициналық мекемелердің мәліметінше, соққылар сектордың солтүстігі мен оңтүстігін қамтыған. Шабуылдар Газа қаласы мен Хан-Юнис маңында тіркелген. Аш-Шифа ауруханасы Газа қаласына жасалған соққы салдарынан бір ана, оның үш баласы және тағы бір туысы қаза тапқанын хабарлады. Ал Насер ауруханасының дерегіне сәйкес, палаткалар орналасқан лагерьге тиген соққы өртке ұласып, жеті адам мерт болған. Қаза тапқандардың арасында бір ер адам, оның үш баласы және үш немересі бар.
Израиль Қорғаныс армиясы соққыларды атысты тоқтату келісімінің бұзылуына жауап ретінде жасағанын мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, шабуылдар ХАМАС пен «Исламдық жиһад» ұйымдарының қолбасшылары мен инфрақұрылым нысандарына бағытталған. Израильдің қауіпсіздік қызметтері келісімнің кез келген бұзылуын аса ауыр жағдай ретінде бағалап, Газа секторынан Израиль азаматтары мен әскеріне төнетін қауіптің алдын алу шаралары жалғаса беретінін атап өтті.
Әуе шабуылдары Газа секторының ең оңтүстігінде орналасқан «Рафах» шекара өткелін ашу қарсаңында жасалған. Аталған өткел 2023 жылдың қазанында соғыс басталғалы бері жабық тұр. Палестиндіктер бұл өткелді шетелде ем қабылдауға мұқтаж ондаған мың адам үшін жалғыз мүмкіндік ретінде қарастырады, өйткені сектордағы медициналық инфрақұрылымның басым бөлігі қираған.
Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың 10 қазанынан бері жарияланған бітім кезеңінде Израиль әскери әрекеттері салдарынан 500-ден астам палестиндік қаза тапқан.