Ақпан айында Қазақстанда кәсіпкерлерге қатысты маңызды салық шешімдері қабылданады, балалармен жұмыс істейтін мекемелерге жаңа бақылау тәртібі енгізіледі және бірқатар заң күшіне енеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Салық режимін таңдау мүмкіндігі
Жыл басынан бастап қолданысқа енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, елде үш арнайы салық режимі бекітілді: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа не фермер қожалықтарына арналған тәртіп. Кәсіпкерлерге 28 ақпанға дейін басқа режимге немесе жалпыға бірдей салық салу тәртібіне ауысуға мүмкіндік берілген. Осы мерзімге дейін тиісті хабарлама тапсырылмаса, 1 наурыздан бастап салық төлеуші автоматты түрде жалпы режимге көшіріледі, ал оның қолданылу күні 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап есептеледі.
Мектептер мен балабақшаларды ескертусіз тексеру
1 ақпаннан бастап мемлекеттік бюджет есебінен балаларды тамақтандыратын, оқытатын, тәрбиелейтін және сауықтыратын ұйымдарға қатысты жаңа мемлекеттік бақылау тәртібі енгізіледі. Енді уәкілетті органдар балабақшалар мен мектептерге алдын ала ескертусіз тексеру жүргізе алады. Бұл бақылау қызмет көрсету басталғанға дейін де, оның барысында да жүзеге асырылып, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын дер кезінде қамтамасыз етуге бағытталған.
Тұрғын үй құрылысына талаптар күшейеді
Ақпан айында тұрғын үй құрылысына қатысты талаптар да қатаңдайды. Биіктігі 28 метрден асатын көпқабатты үйлер пайдалануға берілер алдында міндетті түрде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды алуы тиіс. Бұл құжатты азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері береді.
Прокуратура қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер беріледі
3 ақпаннан бастап прокуратура қызметкерлеріне арналған жаңа әлеуметтік кепілдіктер күшіне енеді. Егер қызметкер басқа елді мекенге 50 шақырымнан артық қашықтыққа қызмет ауыстырумен көшсе, оған көтерме жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы көлемі қызметкердің екі айлық ақшалай қамтылуына тең, ал онымен бірге көшкен әрбір отбасы мүшесіне бір айлық табысының жартысы мөлшерінде есептеледі. Сонымен қатар жеке мүлікті тасымалдау мен жол шығындары да өтеледі.
Қазақстан азаматтығы үшін тестке өтінім қабылдау
Ақпанда Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін тестілеуге өтініш қабылдау басталады. Тестілеу қазақ тілін, Конституция негіздерін және Қазақстан тарихын білу деңгейін анықтауға бағытталған. Үміткерлерге 100 сұраққа жауап беруге 2 сағат 10 минут беріледі. Сынақтан өту үшін кемінде 50 балл жинау қажет, әрі әр бөлім бойынша ең төменгі шек белгіленген. Ақпанда өтініштер 3–10 аралығында қабылданады, ал тестілеуден сәтті өткендерге екі жылға жарамды электронды сертификат беріледі.
Бірқатар заңдар күшіне енеді
Ай соңында жер қойнауын пайдалану және тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Жер қойнауы туралы түзетулер аз зерттелген аумақтарды айналымға енгізуге, геологиялық зерттеуден өндіріске кезең-кезеңімен көшуге және учаскелерді электронды аукцион арқылы жылдам бөлуге мүмкіндік береді. Ал тарихи-мәдени мұраға қатысты заң археология саласындағы бақылауды күшейтіп, табылған жәдігерлердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақпан айында мемлекеттік мерекелер қарастырылмаған. Бес күндік жұмыс кестесімен еңбек ететіндер үшін айда 20 жұмыс күні және 8 демалыс күні болады. Ал алты күндік кесте бойынша істейтіндер 24 күн жұмыс істеп, тек жексенбі күндері демалады.
Синоптиктердің болжамынша, ай бойы елдің көп бөлігінде қысқы суық сақталып, солтүстік пен шығыста ауа температурасы минус 13–18 градусқа дейін төмендейді, ал оңтүстікте күн жылына бастайды.