31 қаңтардан бастап Теңіз кен орнында мұнай өндіру қайта басталды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, түнгі 03:35-те алғашқы ұңғыма – ГЗУ-52 іске қосылды. PBF нысанындағы технологиялық қондырғылар штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазіргі сәтте бес ұңғыма пайдалануға берілген. «Теңізшевройл» мамандары келесі топтық өлшеу қондырғысы – ГЗУ-53-ті іске қосуға дайындалып жатыр. Өндіру көлемі жүйе параметрлері тұрақтануына қарай кезең-кезеңімен арттырылады.
Бұған дейін, 26 қаңтарда кен орнында Екінші буын зауыты іске қосылған. Қазір зауытқа шикізат Королевское кен орнынан жеткізіліп жатыр. Жоспарлы қуатқа тезірек шығу үшін операторға «ҚазМұнайГаз» бен Энергетика министрлігі қолдау көрсетіп отыр.
Қалпына келтіру жұмыстарының үйлестіруін энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жүргізуде. Ведомство жағдай тұрақты бақылауда екенін, ал негізгі басымдық қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына берілетінін атап өтті.
Еске салайық, 18 қаңтарда Атырау облысында екі трансформаторда өрт шығып, энергожүйеде ақау тіркелген. Соның салдарынан Теңіз бен Королевское кен орындарында мұнай өндіру уақытша тоқтатылған. 26 қаңтарда электрмен жабдықтау жүйесі қалпына келтіріліп, одан кейін мұнай өндіруді кезең-кезеңімен іске қосу басталған.