Демократиялық Конго Республикасының шығысында орналасқан Солтүстік Киву провинциясында колтан өндіретін карьердің опырылуы салдарынан кемінде 227 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға сәрсенбі күні Рубайя ауданында болғанымен, құрбандар саны тек қазір белгілі болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл ақпаратты Солтүстік Киву провинциясында бүлікшілер тағайындаған губернатордың баспасөз хатшысы Лубумбу Камбере Муису растаған. Оның айтуынша, расталған қаза тапқандар саны 227 адамнан кем емес.
Опырылу салдарынан тек кеншілер ғана емес, карьер маңында тұрған әйелдер мен балалар да көз жұмған. Камбере Муису қазір аймақта жаңбырлы маусым жүріп жатқанын, жердің тым борпылдақ екенін айтқан. Оның сөзінше, адамдар жер астында жүрген кезде топырақ бір мезетте опырылып кеткен.
Рубайядағы рудниктер M23 қарулы тобының бақылауында. Бұл жерде әлемдік колтан өндірісінің шамамен 15 пайызы өндіріледі. Колтаннан алынатын тантал ыстыққа төзімді металл саналады және ұялы телефон, компьютер, әуе-ғарыш техникасы мен газ турбиналарын өндіруде кеңінен қолданылады.