Қаңтар айының соңында «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы бойынша кезекті қаражат аударылды, ата-аналар мен бағдарлама қатысушыларының шотына ақша 31 қаңтар күні немесе 1 ақпан таңертең түседі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың түсіндіруінше, 1 ақпан демалыс күніне сәйкес келгендіктен, төлем алдын ала жұма күні жүргізілген. Осы себепті қаражат шоттарға 31 қаңтар түстен кейін немесе 1 ақпан таңертең түсуі мүмкін.
Биылғы төлем мөлшері бір балаға шамамен 130 доллар, бұл қазіргі бағаммен 65 мың теңгеден асады. Ұлттық қордан юұл төлем осымен үшінші жыл жүргізіліп келеді. Алғашқы жылы балаларға шамамен 100 доллар, екінші жылы 130 долларға жуық қаражат есептелген.
Ұлттық банктің мәліметінше, соңғы аударым мен инвестициялық кірісті қоса алғанда, үш жыл ішінде бір баланың шотында шамамен 370 доллар жиналған. Бұл қаражат баланың 18 жасқа толғанына дейін инвестициялануын жалғастырады, сондықтан сома уақыт өте келе ұлғая береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша әр баланың шотына 130,71 доллар есептелді. Бағдарламаға барлығы 6,9 миллион бала қатысып отыр. Инвестициялық кірісті қоса есептегенде, бір балаға жинақталған жалпы сома 370,56 долларды құрады.
Қаражаттың түскен-түспегенін 31 қаңтардан бастап eGov mobile қосымшасынан және kids.enpf.kz сайтынан тексеруге болады.