homepage
Фото: ktk.kz

Шымкентте лифт құлады, зардап шеккендер бар

31.01.2026, 12:24

Шымкенттегі жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт сегізінші қабаттан төмен құлап, кабина ішінде болған жас қыз ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқиға тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша, лифт сегізінші қабатқа жеткен сәтте кенеттен төмен қарай құлаған. Сол кезде қыздың айқайы мен сынған әйнектің дыбысы естілген. Біраз уақыттан кейін кабина қайтадан жетінші қабатқа көтеріліп, сол жерден зардап шегушіні шығарып, дәрігерлерге тапсырған.

«Лифт құлап, бәрі абыр-сабыр болды. Адамдардың бәрі көмекке жүгірді. Есіктерді ашып, шаммен қарап көрдік, төменнен де, жоғарыдан да ештеңе көрінбеді. Ақырында жетінші қабаттан таптық. Лифт құлап, кейін қайта көтерілгендей әсер қалдырды», – дейді тұрғын үй кешенінің күзетшісі Мұхтар Әуелбеков.

Белгілі болғандай, бұл қысқа уақыт ішіндегі лифтке қатысты екінші оқиға. Бұған дейін көршілес подъезде де жүк көтергіш құлаған, алайда ол кезде зардап шеккендер болмаған.

Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілген, оған жабық компрессиялық сынық және табан сүйектерінің сынуы диагнозы қойылған. Қазіргі жағдайы орташа ауыр, дәрігерлердің тұрақты бақылауында, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.