homepage
Фото: gov.kz

Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды

31.01.2026, 11:58

Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Оның негізгі ережелері кеше Конституциялық комиссияның алтыншы отырысында таныстырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа Конституция жобасын Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды. Оның айтуынша, алғашқы жоба кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

«Конституцияның кіріспесі толықтай жаңартылды. Онда елдің өткенін ұлықтайтын, қазіргісі мен болашағына бағдар беретін жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Сондай-ақ жобаға Қазақстан Республикасының қызметіне қатысты жаңа іргелі қағидаттар енгізілді», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Конституциялық соттың ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, жаңа Конституцияның кіріспесінде адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланған. Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде айқындалған.

Сонымен қатар, егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылған. Әділеттілік, заң және тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары да алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген. Бұдан бөлек, «мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы» екені нақты көрсетілген.

Конституцияның толық мәтіні мен жоба мазмұнынын Конституциялық соттың ресми сайтынан толық оқуға болады.