Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында шекарашылар мен контрабандистер арасында қарулы қақтығыс болып, үш адам қаза тапты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тәжікстан ҰҚК Шекара әскерлері мәліметінше, 29 қаңтар күні кешкі сағат 19:30 шамасында бес ауғанстандық азамат Шамсиддин Шохин ауданына қарасты «Бахорак» шекара бекеті маңында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен. Шекарашылар олардың қозғалыс бағытын анықтап, ұстауға әрекет жасаған.
Алайда тоқтау туралы талап қойылған сәтте күдіктілер қарулы қарсылық көрсетіп, Ауғанстан аумағына қарай шегінуге тырысқан. Қарсы атыс барысында үш адам оқиға орнында мерт болды, тағы екеуі қашып кеткен.
Қаза тапқандардың жеке басы анықталды. Олар Тахор провинциясының тұрғындары. Оқиға орнын тексеру кезінде үш Калашников автоматы, түрлі калибрдегі 150 оқ-дәрі, көп мөлшерде гильза, 73 орам есірткі салынған төрт қап және Пяндж өзенінен өтуге пайдаланылған қайық табылған.
Шекара әскерлері мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу жүргізілуде. Бұған дейін де тәжік-ауған шекарасында атыс болып, бес адам қаза тапқаны хабарланған.