Түркістан қаласының 18 жастағы тұрғынының арызы негізінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желілерде осы іске байланысты Түркістан облысында ішкі істер саласында қызмет атқарған үш полиция қызметкері зорлау дерегі бойынша күдікке ілініп, қызметтен босатылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Аталған жағдайға қатысты ресми түсінік берген Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу фактісімен қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді. Оның айтуынша:
«Бұрынғы полиция қызметкерлерінің қатысы бары туралы ақпарат толық көлемде тексеріледі және сотқа дейінгі тергеу аясында түбегейлі құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар қызметтік тексеру нәтижесімен аталған полицейлер қызметке кір келтіргені үшін себептерімен ішкі істер органдарынан шығарылған».
Қазіргі уақытта тергеу органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған процессуалдық іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынған.
Айта кетейік, жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі бұған дейін Парламент деңгейінде де көтерілген. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов зорлау қылмысын аса ауыр қылмыстар санатына жатқызып, ол үшін ең жоғары жаза мерзімін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды ұсынған еді.