Павлодар облысында прокурорлар спорт мектептері мен спорт нысандарына жүргізген тексеру барысында шамамен 10 млн теңгеге жуық қаржы жымқырылғанын анықтады. Бұл туралы Бас прокуратура жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратура мәліметінше, тексеру стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждерін қамтыған. Нәтижесінде бірқатар спорт нысандарының заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені белгілі болды. Сонымен қатар кейбір объектілер коммерциялық мақсатта пайдаланылғанымен, жалдау ақысы мүлде төленбеген. Мәселен, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін қолданылып, оның коммуналдық шығындары бюджет қаражаты есебінен өтеліп келген.
Прокуратура таратқан ақпаратта:
«Спорт мектептерінің қызметінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды. Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда», – деп көрсетілген.
Тексеру кезінде кадрлық заңбұзушылықтар да анықталған. Атап айтқанда, кейбір спорт ұйымдарында жалған дипломы бар жаттықтырушылар, сондай-ақ бұрын сотты болған адамдар жұмыс істеп келген.
Бұдан бөлек, спортшыларды іс жүзінде болмаған қонақүйлерге орналастыру туралы жалған шарттар жасалып, мемлекетке 2,8 млн теңге көлемінде шығын келтірілгені белгілі болды.
Прокуратура дерегінше, өңірдегі спорт нысандарының басым бөлігінің әбден тозығы жеткен. Кей жерлерде трибуналар қираған, шатырлардан су ағады, мүгедектігі бар адамдарға қажетті жағдай жасалмаған, сондай-ақ санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары мүлдем сақталмаған.