Ақтөбелік мұғалім ҰБТ-дан жоғары балл алып беремін деп уәде етіп, бірнеше адамды алдаған. Ол әр ұпайды 7 мың теңгеге бағалап, 80 балл жинау үшін әр жәбірленушіден 560 мың теңге алған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі жәбірленушілердің түсініктемелерімен, банк көшірмелерімен және өзге де дәлелдермен расталған.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектелді және 3 жылға педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Алайда Конституцияның 30 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық заңы негізінде жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі үштен бірге қысқартылып, түпкілікті жаза 2 жыл 4 ай бас бостандығын шектеу түрінде белгіленді. Үкім заңды күшіне енді.