Қаңтар айынан бастап Ұлттық статистика бюросы тұтыну бағалары индексін есептеудің жаңартылған әдісін қолдана бастайды. Жаңа тәсіл инфляция көрсеткіштерінің дәлдігі мен сапасын арттыруға бағытталған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Енді дүкендер мен интернеттегі бағаларды дәстүрлі бақылаумен қатар, бақылау-касса машиналары арқылы тіркелген фискалдық түбіртектердің деректері де есепке алынады. Бұл халықтың нақты төлеген бағасы мен сатып алу көлемі туралы анағұрлым дәл әрі толық ақпарат алуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Фискалдық түбіртек деректерін пайдалану үшін арнайы кешенді әдістеме әзірленген. Ол тексеруден өтіп, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан оң бағаланған.