Ақмола облысының прокуратурасы Степногор қаласында мыңдаған тұрғынға жылу үшін төлем заңсыз есептеліп келгенін анықтады. Осыған байланысты қала әкімі Гайдар Қасенов тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратура мәліметінше, Степногор қаласындағы 41 көпқабатты тұрғын үйде жылу ақысы есептегіш құралдарының нақты көрсеткіштері бойынша емес, белгіленген нормативтерге сүйеніп есептелген. Соның салдарынан тұтынушыларға негізсіз артық төлем жүктелген.
«Аталған деректер жылумен қамтушы ұйымның “Жылу энергетикасы туралы” заң талаптарын бұзғанын, сондай-ақ әкімдіктің жылыту маусымына дайындықты тиісті деңгейде бақыламағанын көрсетеді», – деп мәлімдеді қадағалаушы орган.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 8 мыңнан астам тұрғынға 8,1 миллион теңге көлемінде қайта есептеу жүргізілді. Ал жол берілген заңбұзушылықтар үшін қала әкімі тәртіптік жазаға тартылды.