homepage
Фото: Ашық дереккөзден

QazaqGaz Aimaq бөлімшесінің бастығы тергеліп жатыр

30.01.2026, 12:24

Жетісу облысындағы QazaqGaz Aimaq АҚ өндірістік филиалының директоры Айбек Ерғалиға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты ҰҚК растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін желіде Жетісу облысында QazaqGaz Aimaq-тың өңірлік филиал басшысы Айбек Ерғалидың ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Кейбір БАҚ дерегінше, арнайы іс-шараны ҰҚК-нің облыстық департаменті жүргізген. Алайда оған қандай күдік тағылғаны нақтыланбай отыр.

ҰҚК баспасөз қызметі Ерғалидың ұсталғанын нақты растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Комитет өкілдері тек сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеп, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.

Айта кетейік, 21 қаңтар күні Айбек Ерғали әлі де жұмыс орнында болып, газ бағасының қалыптасуы мен төлем есептеу тәртібі бойынша брифинг өткізген.

QazaqGaz Aimaq — Қазақстандағы ең ірі газбен жабдықтау компанияларының бірі. Ол газды тасымалдау, бөлу және тұтынушыларға жеткізумен айналысатын **QazaqGaz** ұлттық компаниясының еншілес құрылымы.