АҚШ президенті Дональд Трамп Куба үкіметінің әрекеттеріне байланысты елде ұлттық төтенше жағдай режимін жариялап, аралға мұнай жеткізетін мемлекеттерге қарсы қосымша тариф енгізу тетігін әзірлеуді тапсырды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент жарлығында Куба билігінің саясаты мен іс-әрекеті АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына «әдеттен тыс әрі төтенше қатер» төндіретіні айтылған. Осыған байланысты Трамп арнайы экономикалық шараларды іске қосуды тапсырған. Құжатта Гавана Вашингтонға қас елдермен және ұйымдармен ынтымақтастықты дамытып отырғаны атап өтіледі. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Иран, сондай-ақ ХАМАС пен «Хезболла» қозғалыстары бар. АҚШ тарапы Куба аумағында шетелдік әскери және барлау нысандары орналасқанын, соның ішінде Ресейдің радиоэлектрондық барлау орталығы жұмыс істеп тұрғанын алға тартады. Бұл нысан, АҚШ нұсқасы бойынша, құпия ақпарат жинау үшін пайдаланылуы мүмкін.
Сонымен қатар Кубаның Қытаймен қорғаныс және барлау саласындағы ынтымақтастығы тереңдеп келе жатқаны, ел аумағында трансұлттық террористік топтардың қызметіне қолайлы жағдай жасалып отырғаны жөнінде де айтылады. Жарлықта жарияланған төтенше жағдайға жауап ретінде АҚШ президенті тарифтік механизм қалыптастыруды тапсырды. Бұл механизм Кубаға тікелей немесе жанама түрде мұнай сататын не жеткізетін мемлекеттерден келетін тауарларға қосымша импорттық баж салығын енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай елдердің тізімін АҚШ-тың Сауда министрі Мемлекеттік департаментпен бірлесіп айқындайды. Ал мемлекеттік хатшы тиісті ведомство басшыларымен бірге президентке тариф мөлшері жөнінде ұсыныс енгізуі тиіс. Соңғы шешім мен баж көлемін бекіту құқығы президенттің өзінде қалады.
Құжатта Куба билігі адам құқықтарын бұзып отыр деген айыптаулар да бар. АҚШ тарапы саяси қарсыластардың қудаланатынын, сөз бостандығының шектелгенін, азаматтық қоғам мен діни қауымдастықтарға қысым жасалатынын мәлімдеген. Сондай-ақ Вашингтон Куба саясаты аймақта тұрақсыздыққа, соның ішінде көші-қон дағдарысына және коммунистік идеологияның таралуына ықпал етіп отыр деп есептейді.
Жарлықта қабылданған шараларды қайта қарау немесе жұмсарту мүмкіндігі де қарастырылған. Егер Куба немесе оған қатысты өзге елдер АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына қатысты қатерді азайту бағытында қадам жасаса, шектеулер жеңілдетілуі мүикін. Жарлық 2026 жылғы 30 қаңтарда жерігікті уақытпен түнгі 00:01-де күшіне енеді.