homepage
Фото: «OrdaMed» АҚ баспасөз қызметінен

«OrdaMed» компаниясының басшысы іздеуде жүр

29.01.2026, 16:05

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатқан іс аясында OrdaMed компаниясының басшысы Еркін Ділімбетов іздеуде жүргені көрсетілген деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, қылмыстық іс «OrdaMed» АҚ-ның қызметіне байланысты қозғалған. Тергеу нұсқасы бойынша, компания арқылы бюджет қаржысы заңсыз шығарылған болуы мүмкін. Мемлекеттік ауруханаларға «Қазақстанда өндірілген» деген құжатпен медициналық жабдықтар жеткізілгенімен, іс жүзінде техника шетелден әкелінген. Ал жалған құжаттар компанияға салықтық және кедендік жеңілдіктер алуға, сондай-ақ ірі мемлекеттік келісімшарттарды жеңіп алуға мүмкіндік берген деген күдік бар.

Аталған іс шеңберінде медициналық бұйымдардың кемінде 28 түрін жеткізуге қатысты келісімдер зерттеліп жатыр. Тергеу бағалауынша, бұл әрекеттер салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген.

Бұған дейін «OrdaMed» компаниясының басшысы Еркін Ділімбетов өз мәлімдемесінде компанияның науқастар алдындағы жауапкершілігін мойындайтынын және іскерлік беделін қорғауға дайын екенін айтқан болатын.

«Біз жеткізген барлық құрылғы зауыттан шыққан, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде медициналық персонал оны пайдаланып отыр», – деген еді ол.

Соған қарамастан, бүгін Еркін Ділімбетовке ресми түрде іздеу жарияланғаны белгілі болды.
 

Теги: