Астананы бірнеше күннен бері қою түтін басып тұр. Құбылыстың себебін Tengrinews.kz тілшісіне Қазгидромет мамандары түсіндірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мамандар мұның басты себебі – желдің әлсіздігі екенін айтады. Ауа қозғалысы баяу болғандықтан, зиянды заттар таралмай, төменгі қабатта жиналып қалған.
Қазгидрометтің мәліметінше, атмосфералық ауаның сапасын бақылау барысында қалада ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асқан 31 дерегі тіркелген.
«Мониторинг деректеріне сәйкес, Астанада бірқатар стационарлық бекеттерде шекті рұқсат етілген концентрациядан асу байқалды. Алайда ластану деңгейі жоғары санатқа жеткен жоқ. Мұндай жағдайда Қазгидромет мемлекеттік органдарға ресми хабарлама жолдайды, бірақ осы кезеңде оған негіз болған жоқ», – деп хабарлады синоптиктер.
Мұңайтпасов көшесінде, Еуразия ұлттық университеті аумағында орналасқан №10 бақылау бекетінде бірнеше көрсеткіш бойынша нормадан ауытқу анықталған. Атап айтқанда, азот диоксиді, көміртек тотығы және ұсақ қатты бөлшектердің мөлшері шекті деңгейден асқан.
Синоптиктердің айтуынша, 28 қаңтар күні Астанада жауын-шашын болмаған. Ауа температурасы минус 13,9 градусқа дейін төмендеп, жел солтүстік және солтүстік-батыс бағытта секундына шамамен 1 метр жылдамдықпен соққан.
«Алдын ала болжамда ауаның ластану деңгейі төмен болады деп күтілгенімен, нақты метеорологиялық жағдай зиянды заттардың жерге жақын ауа қабатында жиналуына ықпал етті», – деп түсіндірді Қазгидромет өкілдері.
Олардың сөзінше, жауын-шашынның болмауы мен желдің әлсіздігі шығарындылардың таралуына кедергі келтірген. Осы факторлар тұманның пайда болуына және ауа сапасының нашарлауына себеп болғанын айтады синоптиктер.
29 қаңтар күні Қазгидромет Астанада ауаның ластану деңгейі жоғарылауы мүмкін екенін ескерткен.