Қырғызстан жаңа әнұранын таңдап жатыр. 27 қаңтарда Жогорку Кенештің депутаттары конкурстық іріктеуден өткен жаңа әнұранның үш нұсқасын тыңдады. Алайда, үшеуін де қолдамай, кері қайтарды. Кенештің спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы ұсынылған жобаларды “марш сияқты естіледі” деп сынап тастады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Елде әнұранды өзгерту туралы ұсыныс 2024 жылдың қазан айында алғаш айтылған. Бұл бастаманы президент Садыр Жапаров қолдап, кеңес кезінде қабылданған ескі әнұранды орындау шынымен қиын екенін айтқан.
Мемлекеттік рәмізді ауыстыру мәселесі қоғамда қызу талқыланды. Қырғызстандықтар әнұранды ауыстырудың қажеті жоғын айтып, 1992 жылы қабылданған әнұранның әуені мен мәтініне көңілі толатынын айтқан.
Алайда, конкурс жарияланып, жеңімпазға 1 500 000 сом уәде етілді. Бұл шамамен 17 мың доллар. Конкурс әлі де жалғасады. 2023 жылы елде ту өзгерген болатын.