homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Анарбеков Чемпиондар лигасында рейтинг бойынша үздік үштікке енді

29.01.2026, 13:02

Қазақстан құрамасы мен алматылық Қайрат клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде сейв саны бойынша үздік үштікке енді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

22 жастағы голкипер УЕФАның ресми рейтингіне кірді. Турнирдің жалпы кезеңінде ол алты матчта 36 рет қақпасын аман сақтап қалды. Айта кетейік, Анарбеков жарақатына байланысты «Реал» және «Спортингке» қарсы екі кездесуге қатыспаған.

Жалпы кезең қорытындысы бойынша қазақстандық қақпашы сейв саны мен «құрғақ» матчтар сияқты негізгі көрсеткіштерде барлық голкиперлер арасында үздік үштікті түйіндеді. Ол үшінші орынды марсельдік «Олимпиктің» қақпашысы Херонимо Рульимен бөлісті. Ал рейтингтің көшін норвегиялық «Будё-Глимт» клубының өкілі Никита Хайкин бастаса, екінші орынға мадридтік «Реалдың» қақпашысы Тибо Куртуа жайғасты.

Чемпиондар лигасы мен ұлттық құрамадағы сенімді ойынынан кейін қақпашыға шетелдік клубтардың қызығушылық танытқаны туралы ақпарат тараған. Тіпті «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Темірланның өзін мықтырақ лигада сынап көруіне болатынын айтқан еді. Қақпашының өзі де Еуропада ойнауға қарсы еместігін мәлімдеген.

Алайда жуырда Темірлан Анарбеков «Қайратпен» жаңа келісімшартқа қол қойды. Жаңа шарт 2028 жылдың қарашасына дейін есептелген. Осылайша, Еуропаға ауысу туралы әңгімелерге қарамастан, қазақстандық голкипер алдағы жылдары Алматыда қалмақ.