Украинаның Еуроодаққа жақын арада қосылуы екіталай. Германия канцлері Фридрих Мерц Украинаның 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуропалық одақ мүшесі болуы мүмкін емес екенін айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, Украина алдымен Копенгаген критерийлерін толық орындауы тиіс. Ал бұл талаптарды іске асыру, әдетте, бірнеше жылға созылады. Копенгаген критерийлері 1993 жылы қабылданған және ЕО-ға үміткер елдерге қойылатын негізгі шарттарды қамтиды. Олардың қатарында демократиялық институттардың тұрақтылығы, заң үстемдігі, адам құқықтары мен азшылықтардың қорғалуы, жұмыс істейтін нарықтық экономиканың болуы және Еуроодақ заңнамасын қабылдауға дайындық бар.
Фридрих Мерцтің сөзінше, Германия Украинадағы соғысты тоқтату мәселесі бойынша келіссөздер барысында АҚШ және Украина делегацияларымен тығыз байланыста жұмыс істеп отыр. Алайда Берлин бұл үдерісте делдал рөлін атқармайды, Германия Киевті одақтас ретінде қолдап келеді.
Канцлердің мәлімдемесі Украинаға Еуроодаққа мүшелік беру процесі саяси қолдауға қарамастан, нақты институционалдық және құқықтық талаптарға тәуелді екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.