homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Ипотеканы зейнетақы қаржысы есебінен өтеу тоқтатылады

29.01.2026, 12:12

Қазақстанда ипотеканы зейнетақының артық қаржысы есебінен өтеу уақытша тоқтатылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Отбасы банк мәліметінше, тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесіне өзгеріс енгізілуіне байланысты бұл мүмкіндік 2026 жылғы 30 қаңтардан 2 наурызға дейін қолжетімсіз болады.

Өзгеріске сәйкес, ережеде бұрын қолданылған «қарыз» ұғымы «негізгі қарыз» түсінігімен алмастырылды. Енді зейнетақы артық қаржысы тек ипотеканың негізгі қарызын өтеуге ғана бағытталады. Ай сайынғы төлем құрамындағы пайыздар мен өзге де қосымша төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.

Жаңартылған тетікке бейімделу үшін банктің цифрлық сервистері қайта пысықталады. Осы кезеңде enpf-otbasy.kz платформасында ипотеканы ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылады. Ал 2026 жылғы 30 қаңтарға дейін берілген өтінімдер бұрынғы тәртіппен қаралады.

Банк зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдаланудың өзге мақсаттарына бұл өзгерістер әсер етпейтінін атап өтті.