Қазақстандық әуе компаниялары Таяу Шығыс елдеріне қатынайтын рейстердің бағыттарын өзгертті. Ұшақтар уақытша Иранның әуе кеңістігін айналып өтеді, бұл ұшу уақытының ұзаруына әсер етті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, шешім Ирандағы қазіргі жағдайға байланысты қабылданған. Ведомство таратқан хабарламада:
«Авиациялық әкімшілік Қазақстанның барлық әуе компанияларына Иранның әуе кеңістігін келесі арнайы хабарламаға дейін айналып ұшу туралы нұсқау жеткізді. Бұл шаралар тек ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр», – делінген.
Қазір Air Astana, FlyArystan және SCAT әуе компаниялары Дубай, Шарм-эш-Шейх, Жидда, Доха және Медина бағыттарына бұрынғы жолдан өзгеше траекториямен ұшып жүр. Көлік министрлігінің мәліметінше, рейстер Түркия, Ирак, Пәкістан және Ауғанстанның әуе кеңістігі арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Бағыттардың өзгеруі ұшу уақытының ұзаруына әкеледі. Астанадан аттанатын рейстердің жолы 40 минуттан 2 сағатқа дейін, ал Алматыдан ұшатын рейстер шамамен 40–60 минутқа ұзарады.
Сонымен бірге үндістандық IndiGo әуе компаниясы Алматы - Мумбай бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтатты. Ведомствоның хабарлауынша, бұл бағыттағы рейстер 2026 жылдың 27 қаңтары мен 11 ақпан аралығында орындалмайды. Бұған дейін Алматы – Дели рейстерінің де уақытша доғарылғаны хабарланған.
FlyArystan компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстердің әдеттегі тәртіпте жалғасып жатқанын мәлімдеді. Компанияның хабарламасында маршруттардың қауіпсіздік талаптарына сай қайта қаралғаны, қосымша техникалық қону жоспарланбағаны айтылған. Сондай-ақ өңірдегі операциялық және геосаяси ахуал авиациялық билікпен бірлесіп күн сайын бақылауда екені жеткізілген.
Air Astana да Таяу Шығыс елдеріне қатынайтын рейстердің тоқтамайтынын хабарлады. Әуе тасымалдаушының мәлімдеуінше, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бағыттар уақытша өзгертілген және бұл шешім Авиациялық әкімшіліктің нұсқауына сәйкес қабылданған.
Маршруттардың қайта қаралуына Иран билігінің шешімі түрткі болған. Халықаралық NOTAM хабарламасында ел аумағында төмен биіктікте ұшатын әуе кемелеріне үш ай мерзімге шектеу енгізілгені көрсетілген. Осыған байланысты Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі қазақстандық әуе компанияларына Иран аумағы мен оған іргелес әуе кеңістігі арқылы ұшуға уақытша тыйым салды.
Жолаушыларға әуежайға бармас бұрын әуе компанияларының мобильді қосымшалары немесе SMS-хабарламалар арқылы рейс туралы мәліметті алдын ала тексеріп алуға кеңес береді.