homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Жаңаөзенде 29 жастағы дәрігерді пышақтап кеткен

29.01.2026, 10:35

28 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында 29 жастағы ер азамат кісі қолынан қаза тапты. Полиция қайғылы оқиға болғанын растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға сәрсенбі күні шамамен түскі сағат екілерде болған. Күдікті ер адам терапевт дәрігерге пышақпен шабуыл жасаған. Әріптестері жәбірленушіні аман алып қалуға тырысқанымен, ол алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Әлеуметтік желілерде марқұмның дәрігер болып жұмыс істегені туралы ақпарат тараған.

Маңғыстау облысы полиция департаменті аталған деректі растады. Ведомствоның мәліметінше, күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Құзырлы органдар дәрігердің қазасын оның кәсіби қызметімен байланыстырмай отыр.

Жанжал тұрмыстық сипаттағы даудан туған. Қайғылы жағдайдан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, қылмысын мойындаған. Аталған дерек бойынша «Кісі өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – дейді полиция департаменті.