Қазақстанда сарышұнақ аяздың беті қайтар емес. Бүгін бірқатар өңірлерде ауа температурасы -30 градусқа дейін төмендейді. Әсіресе, елдің солтүстігі мен орталығында, атап айтқанда Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында аяз әлі де сақталады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Астанада таңертең тұман болып, ауа температурасы түнде -22…-24, күндіз -8…-10 градус болады. Ал, Көкшетауда жел күшейіп, оның екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Есесіне, елдің батысында суықтың беті қайтады, алайда көктайғақ болып, желдің екпіні кей жерлерде 20 метрге дейін күшейеді.
Оңтүстік өңірлерде ауа райы құбылмалы. Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді, тұман түсіп, көктайғақ болады. Алматыда жауын-шашын болмайды, бірақ түнде және таңертең қалада тұман түседі. Ауа температурасы түнде -6…-8, күндіз -0…-2 градус.
Синоптиктер тұман, көктайғақ және қатты желге байланысты жолда абай болып, жылы киінуге, алыс жолға шығарда ауа райын ескеруге кеңес береді.
Бұған дейін Казгидромет ақпан айының қандай болатынын болжаған. Ақпанда қыс аса қытымыр мінез танытпайды, айдың аяғында күн жылынады.