homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Атырау облысында балалар арасында қызылша өршіп барады

28.01.2026, 17:46

2025 жылдың қазан айынан бері Атырау облысында қызылшаға шалдыққан 304 адам тіркелсе, оның 62-сі инфекцияны медициналық мекеменің ішінде жұқтырған, деп хабарлайды Juzmedia.kz Kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, ауруханаішілік жұқтыру ошағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында анықталған. Балалар бұл мекемеге жедел респираторлық-вирустық инфекция белгілерімен жеткізіліп, ем қабылдаған соң үйіне шығарылған. Алайда арада біраз уақыт өткеннен кейін дәл сол ауруханаға қызылша диагнозымен қайта түскен.

Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлназ Eрбатырова өңірдегі жағдайдың алаңдатарлық сипат алып отырғанын айтты. Оның мәліметінше, облыста апта сайын 20-ға дейін жаңа жағдай тіркеліп отыр.

«Алғашқы сырттан әкелінген жағдай қазан айында анықталды. Негізінен 7 жасқа дейінгі балалар ауырып жатыр. Әсіресе 1 жасқа толмағандар көп. Бір жасқа дейінгі балалар арасында 65 жағдай, 1–4 жас аралығында 150 жағдай тіркелді. Ауырғандардың басым бөлігі вакцина алмаған. Тоғыз бала жансақтау бөлімінде болды. 62 жағдай – бұған дейін ауруханада ЖРВИ, жедел ішек инфекциясы, тонзиллит диагноздарымен ем қабылдаған балалар. Бастапқы белгілері ұқсас. Басты айырмашылығы – бөртпенің пайда болуы», – деді Eрбатырова.

Аурушаңдықтың өсуіне байланысты өңірде модульдік ауруханада қосымша төсек-орындар ашылған. Ал облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы Нұрбек Үкібаев науқастарды бөлек орналастыру тәжірибесі сырқат саны көбейгеннен кейін ғана енгізілгенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Щучинск қаласындағы әскери колледжде 66 кадеттің қызылша жұқтырғаны белгілі болған еді.