Қазақстанда былтыр қаржы пирамидасына қатысты 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алайда, жағдай сонда да оңалмай тұр. Қаржы пирамидаларының арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатқан қазақстандықтар азаймай тұр. Бүгін Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында Президент пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды. “Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек”, деді ол.
“Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді”, – деді Президент.