“Шаш ал десе, бас алып”, шектен шығуға болмайды. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізіп, тексерісті байыппен жүргізу қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Juzmedi.kz.
“Басты мақсат – бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау. «Шаш ал десе, бас алып», шектен шығуға болмайды. Қайталап айтамын: Агенттік қызметкерлерінің міндеті – қаржы ұйымдарын жаппай тексеру емес, керісінше экономикаға төнген қауіптің бетін қайтарып, тойтарыс беру үшін уақтылы шара қабылдау”, – деді Президент.
Президент аймақтардағы жекелеген бизнес өкілдерінен өзіне келіп түсіп жатқан арыз-шағымдардың аз еместігін айтып, бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін еске салды. Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған.
“Маған аймақтарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады. Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2710 іс қозғаған, оның 1061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежейді, елдегі инвестициялық ахуалға зардабын тигізеді. Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қараған жөн. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет”, – деді Тоқаев.