Қырғызстан парламентінің депутаты Гүлшаркан Күлтаева 18–25 жас аралығындағы азаматтарға ата-анасының келісімінсіз несие беруге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл бастама Жогорку Кенеште «Кредиттік ақпарат алмасу туралы» заңға енгізілетін түзетулерді талқылау кезінде көтерілді. Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде жастар банктердің қосымшалары арқылы тұрақты табысы болмаса да, оңай несие ала алады.
«Олардың жұмысы жоқ, кейбірі ата-анасының асырауында отыр. Бірақ ата-анасына айтпай-ақ несие алады. Бұл жастардың болашағына кері әсер етеді. Олар ережелерді білмейді, қаржылық сауаты жоқ», – деді Гулшаркан Култаева.
Депутаттың пікірінше, мұндай шектеу жастарды қарыз жүктемесінен қорғап, қаржылық жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.