Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ельдің жұбайы Ким Гон Хи жемқорлық үшін бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Reuters-ке сілтеме жасап.
Сот шешімі бүгін жарияланған. Аудандық сот экс-бірінші ханымды кінәлі деп танып, нақты жаза мерзімін бекітті. Айыптаушы тарап оны 15 жылға соттауды талап еткен. Тергеу материалдарында Ким Гон Хиге құнды қағаздармен алаяқтық жасау, пара алу және қызметтік ықпалын заңсыз пайдалану айыптары тағылған.
Ким Гон Хиді қамауға алу туралы шешім 2025 жылғы 12 тамызда қабылданған. Бұған дейін ол сот отырысында көпшілік алдында кешірім сұраған болатвн.
Бұрынғы бірінші ханымның аты бірнеше рет дау-дамайға іліккен. 2022 жылы ол НАТО саммитіне шамамен 43 мың доллар тұратын Van Cleef әшекейін тағып барған. Кейін бұл зергерлік бұйымның табыс пен мүлік декларациясында көрсетілмегені анықталған. Сонымен қатар, Ким Гон Хи құны 20 млн вон болатын екі Chanel сөмкесін және гауһар алқаны пара ретінде алды деген күдікке ілінген.
2022–2025 жылдары елдің бірінші ханымы болған Ким Гон Хи өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып келген. Ал оның күйеуі Юн Сок Ель 2025 жылдың соңында елде әскери тәртіп енгізуге қатысты іс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қазір қамауда отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өлім жазасына кесілуі бек мүмкін.