homepage
Фото: gov.kz

Заңсыз ақша алған Ақшабаев тергеліп жатыр

28.01.2026, 13:38

Алматы облысы Іле ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қуат Ақшабаевты ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ұстағаны жөнінде ақпарат тараған. Жарияланымдарда экс-шенеунік 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдік бар екені айтылған. Кейінірек болжамды пара сомасы 323 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін деген мәлімет шықты.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растағанымен, істің нақты мән-жайын ашып көрсетпеді.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, — деп хабарлады ведомство ресми сауалға берген жауабында.

Сонымен қатар ҰҚК өкілдері айыптаудың нақты мазмұны мен Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша іс қозғалғанын нақтыламады.

Ал Іле ауданы әкімдігі Қуат Ақшабаевтың 16 қаңтар күні өз еркімен қызметтен кеткенін айтты:

 Қуат Ақшабаев аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылған және қазіргі уақытта аталған лауазымды атқармайды, — делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевке қатысты үкім шыққан болатын. Экс-әкім мен өзге де фигуранттардың ісі Қылмыстық кодекстің жеті бабы бойынша қаралған. Олардың қатарында мүлікті иемдену мен ысырап ету, алаяқтық, экологиялық талаптарды бұзу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу және қызметтік жалғандық бар.