Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі – Теңіз кен орны кезең-кезеңімен қайта іске қосылып жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, қазіргі уақытта «Королев» кен орнында мұнай өндіру толық қалпына келтірілген, ал Теңізде іске қосу кезеңі басталған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі қарқын сақталса, Теңіз кен орны алдағы бір апта ішінде толық өндірістік қуатына шығады.
Өрт салдарынан істен шыққан үш трансформатордың бірқатар бөлігі қайта қалпына келтірілген. Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі біртіндеп артып келеді.
Еске салсақ, 18 қаңтарда Теңіз кен орнындағы екі трансформаторда өрт шыққан. Осыдан кейін кен орнының операторы – Теңізшевройл қауіпсіздік мақсатында мұнай өндіруді уақытша тоқтатты. Ал 26 қаңтарда компания өндірісті қайта бастауға кіріскенін растады.
Теңіз кен орны Атырау қаласынан шамамен 350 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан және мұнай қоры бойынша Қашаған кен орнынан кейінгі екінші ірі кен орны саналады.