Алматыдағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize 2025–2026 халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ТОП-50 үздік мұғалімнің қатарына кірді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Байқауға 130-дан астам елден бірнеше мың өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде анықталған финалистерді марапаттау рәсімі 1–5 ақпан аралығында Дубайда өтетін халықаралық білім беру форумы аясында ұйымдастырылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Татьяна Белоусованы осы жетістігімен құттықтады:
Бұл жоғары баға – Сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.
Татьяна Белоусованың педагогикалық еңбек өтілі – 41 жыл. Ол Қазақстан мектептерінде оқытылатын 7–11-сыныптарға арналған химия оқулықтарының авторларының бірі, сондай-ақ 1999 жылдан бері Ұлттық тестілеу орталығында тапсырма құрастырушы және сарапшы ретінде еңбек етіп келеді.