Франция алдағы күндері мемлекеттік қызметкерлерге видеоконференция үшін америкалық платформаларды пайдалануға шектеу енгізбек. Бұл туралы Politico француз билігіндегі дереккөзге сүйеніп Juzmedia.kz хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, Франция премьер-министрінің кеңсесі мемлекеттік қызметкерлерді тек Visio бағдарламасын қолдануға міндеттейтін арнайы хабарлама дайындаған. Visio — елдің Ведомствоаралық цифрлық технологиялар басқармасы әзірлеген ұлттық видеоконференция құралы. Жаңа тәртіпке сай, Google Meet, Zoom және Microsoft Teams сияқты сервистерді мемлекеттік құрылымдарда пайдалануға болмайды.
Құзырлы орган бұл талаптың орындалуын бақылап отырады. Алдағы айларда мемлекеттік интернет желісі арқылы өзге видеосервистердің трафигі толық бұғатталуы мүмкін.
Басылымның жазуынша, мұндай шешім Еуропада америкалық технологиялық алпауыттарға тәуелділікке алаңдаушылық күшейген кезеңде қабылданып отыр. Франция билігі цифрлық егемендікті күшейтіп, мемлекеттік деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отыр.